ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ ТИІМДІЛІГІ » №16 жалпы білім беретін орта мектеп
"Алматы облысы білім басқармасының
Талғар ауданы бойынша білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің
"Т.Рысқұлов атындағы №16 жалпы білім беретін орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 5-14-69
Есепші бөлімі:
+7(72774) 3-48-62
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ ТИІМДІЛІГІ
14
апрель
2021

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ ТИІМДІЛІГІ



Алматы облысы Талғар ауданы Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін №16 орта мектептің бастауыш сынып, информатика пән мұғалімі: Мыктыбаева Тоты Сериковна

Бұл мақалада білім беру жүйесіндегі латын әліпбиіне көшудің маңызы мен мақсаты, ұстанымы зерделенген.
Заман талабына сәйкес білім игеріп, тіл үйренуде интернеттің атқаратын қызметі басты орынға шығып тұрғаны белгілі. Сол интернет тілін жақсы меңгеру үшін латын әліпбиіне көшу маңызды. Себебі, халықаралық әлеуметтік желілер латын әліпбиін қолданады. Жаңа әліпбиге көшуде педагогтардың атқаратын міндеттері ерекше. Ол үшін педагог білім беруді ұйымдастыруда өз ісінің шебері, түрлі құзіреттіліктерді жеткілікті дәрежеде меңгерген, жаңашыл ойлай алатын маман болуы керек.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға”- деп жазылған. Олай болса, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, оны көздің қарашығындай қорғауға міндетті. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып, халқымыз тәуелсіздіктің рухани қуатын толық сезінгенде ғана Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп қойып отырған қазіргі стратегиялық мақсаты күнделікті шындыққа айналары сөзсіз. Ең бастысы - ұлттық тіл ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне байланысты екенін де ескермеуге болмайды. Түркі әлемінің асыл перзенттерінің бірі Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді»,- деп атап көрсеткен болатын.


Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік тілдің тағдыры қазақ халқының өз қолында болып отыр. Әлеуметтік-мәдени әлеуеті артқан, халықаралық ынтымақтастықтың толыққанды субъектісіне айналып, әлемдік деңгейдегі халықаралық одақтар мен ұйымдардың мүшесі болған бүгінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болашақта дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан көрінуі қажет. Бүгінгі қоғамда мемлекеттік тіліміздің беделі мен болашағын жоғарлатамыз десек, Елбасы ұсынған қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесінінің маңызды болып табылатынын зерделеп түсіну керек. Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, рухани, мәдени өресі кемел, білікті, тілдік құзіреттілігі жоғары болсын десек, латын әліпбиіне көшу концепциясын қолдағанымыз жөн деп есептеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп» - деп атап көрсетеді. Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып, талданып жатқан күрделі мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі. Өйткені, жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, кез кез келген ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Ол - әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы ғана өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміздің жалғастық табатыны сөзсіз. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер ететіні анық. Олай болса, латын әліпбиіне көшу – бүгінгі заманның талабы. Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысқан болып табылады екен. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спортқа қатысты жазбаша ақпараттың барлығы да тек латын графикасымен беріледі, қоғамдағы барлық жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білдіреді деп түсінуіміз қажет. Қазіргі уақытта латын әліпбиінің біздің Отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз болып табылады. Түркі тектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылғаны белгілі. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Қазақ зиялыларының біздің елімізде ХХ ғасырдың 20-жылдары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтергені тарихтан белгілі. Сол уақыттың өзінде қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», - деп айтқан сөзінің өзінде қандай үлкен мән жатыр десеңізші. Олай болса, бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басты. Қарапайым ғана жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен қоғамға айналды. Ендеше, әлемдегі елдердің көп бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.


Рухани жаңғыру дәуірінде латын әліпбиіне көшу қажеттілігі өз-өзінен түсінікті жайт екені белгілі. Қазірдің өзінде тілші ғалымдар латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтарын жан-жақты дәлелдеп анықтап берді. Латын әліпбиіне көшу барысында мынандай нәтижелерге қол жеткіземіз деп айтсақ болады: 1. Алыстағы туыстас қазақтармен мәдени әрі рухани байланысты нығайту; 2. Қазақ тілінің өзіне тән төл дыбыстарын таңбалап жазуда ұтымды мүмкіндіктерге қол жеткізу; 3.Кез-келген тіл үйренушіге латын графикасымен жазу жеңілдігіне ие болу; 4. Қазақ тілінің табиғи айтылу әуезділігі, орфоэпиялық ережесін қалпына келтіру; 5. Ағылшын тілін оқып-үйрену, меңгеру оңайға түсу мүмкіндігіне қол жеткізу;

Қорыта келе, қазіргі білім беру жүйесінде латын әліпбиіне көшу үлкен маңызға ие. Себебі, келешек ұрпақ өз ана тілін жетік білетін, бәсекеге қабілетті, әлемдік прогресске ілесе алатын саналы, рухани бай болып қалыптасуы - еліміздің ертеңгі келешегінің бейнесі. Әсіресе, қазіргі түркі тілдес елдермен қарым-қатынаста қазақ тілін үйретуде латын әліпбиінің әлемдік деңгейдегі құзіреттілігін пайдалану маңызды.